Қазақстанға қайтарылған 7,5 млрд теңге қайда жұмсалады – бұл сұраққа Үкімет жауап берді.

Қазақстан Үкіметі мемлекетке қайтарылған тағы 7,5 млрд теңгенің қалай пайдаланылатынын мәлімдеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл қаражат Қарағанды облысында медициналық нысандар салуға және жаңғыртуға бағытталады, деп хабарлайды dailykz Үкіметке сілтеме жасап.
Қарағандыдағы онкологиялық орталыққа – негізгі қаржы
Қайтарылған қаражаттың 6,2 млрд теңгесі Қарағанды қаласында салынып жатқан жаңа Онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға бөлінеді. Сонымен қатар, осы мақсатқа облыстық бюджеттен қосымша 1,74 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда орталықтың дайындық деңгейі 70%-ды құрайды.
Балқашта көпсалалы медициналық хаб ашылады
Балқаш қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпсалалы аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құрылуда. Бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, ал жобаның жалпы құны 1,27 млрд теңге.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
Жоба аясында ангиографиялық операциялық бөлме мен қабылдау-диагностикалық бөлім орналасатын қосымша корпус салынып жатыр. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі 96%.
Балқашта балаларға арналған оңалту орталығы ашылады
Сондай-ақ Балқаш қаласында балаларға арналған оңалту орталығы іске қосылады. Бұрынғы санаторий ғимаратын қайта бейімдеуге 272,1 млн теңге бөлінген. Жоба стационарлық бөлімді және амбулаториялық қабылдауды қамтиды.
Бұл бастама балалардың сапалы оңалту қызметіне облыс орталығына бармай-ақ қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған.
Медициналық көмектің сапасы артады
Үкімет өкілдерінің айтуынша, аталған жобалардың жүзеге асуы өңірдегі медициналық қызметтің сапасын едәуір жақсартады. Әсіресе, ангиографиялық операциялық бөлменің іске қосылуы инфаркт пен инсульт кезінде Балқаштың өзінде жедел, жоғары технологиялы көмек көрсетуге жол ашады. Бұл «алтын сағат» қағидатын сақтауға және науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.








