Қазақстан жаңа ФИФА халықаралық турнирін қабылдайды

Қазақстан жаңа халықаралық футбол додасын қабылдайтын елдер қатарына енді. Бұл туралы dailykz Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың наурыз–сәуір айларында FIFA Series атты жаңа турнир ұйымдастырылады. Оның мақсаты – түрлі құрлықтардағы елдердің ерлер және әйелдер құрамаларын бір алаңда тоғыстыру. 2024 жылдың көктемінде бұл бастама пилоттық форматта сыналған еді, енді 2026 жылы алғашқы толыққанды маусымы өтпек.
Қазақстан ерлер құрамалары арасындағы матчтарды қабылдайтын елдер тізіміне енді. Сонымен қатар бұл қатарға Австралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстан да кірді. ФИФА өкілдері келіссөздердің жалғасып жатқанын атап өтіп, алдағы айларда тағы да жаңа мемлекеттердің қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Әйелдер командаларының FIFA Series турниріндегі дебюті Бразилия, Кот-д’Ивуар және Тайландта өтеді.
Қатысушы құрамалардың толық тізімі 2026 жылдың басында жарияланады. Әр елде төрт ұлттық құрама қатысатын, әртүрлі конфедерациялар өкілдерін біріктіретін жолдастық форматтағы матчтар өткізіледі. ФИФА бұл жаңа турнир халықаралық күнтізбеге қосымша ойындар қоспай-ақ, жаңа әрі мазмұнды футбол оқиғаларын жасауға мүмкіндік береді деп күтеді.




