2026 жылы қазақстандықтардың жалақысы қалай өзгереді

2026 жылы қазақстандықтардың жалақысы қалай өзгереді — жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты кейбір азаматтардың қолына алатын айлық табысы артуы мүмкін. Салықтар мен әлеуметтік төлемдер ұсталғаннан кейін жалақы қалай есептеледі және нақты не өзгереді — dailykz материалында.
Брутто және «таза» жалақы: айырмашылығы неде?
Қазақстанда көптеген жұмыс беруші қызметкерге брутто-жалақы белгілейді. Бұл — салықтар мен міндетті төлемдер ұсталмай тұрғандағы жалақы. Ал қызметкердің есепшотына түсетін нақты сома — міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы (МӘМС) және жеке табыс салығы (ЖТС) шегерілгеннен кейінгі ақша.
Жеке табыс салығы, әдетте, салықтық шегерімдер қолданылғаннан кейін есептеледі. Яғни салық салынатын база белгілі бір мөлшерге азаяды.
Жаңа Салық кодексі: қандай шегерімдер қалды?
Қазақстанда бұрын қолданылған кейбір шегерімдер алынып тасталды. Ал жаңа Салық кодексіне сәйкес 2026 жылдан бастап мынадай шегерімдер қолданылады:
- Әлеуметтік төлемдер бойынша шегерімдер — МЗЖ мен МӘМС (бұрын да болған);
- Базалық салықтық шегерім — 30 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды. Бұл 2026 жылы 129 750 теңге. Ол 2025 жылғы 14 АЕК (55 048 теңге) мөлшеріндегі стандартты шегерімнің орнына енгізілді;
- Әлеуметтік салықтық шегерімдер — жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жылына 882 АЕК (3 814 650 теңге), ал I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін 5 000 АЕК-ке (21 625 000 теңге) дейін арттырылды.
Жалақыдан қандай төлемдер ұсталады?
Жалдамалы қызметкердің жалақысынан алдымен:
- 10% міндетті зейнетақы жарнасы,
- 2% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ұсталады.
Бұл төлемдер жалақының толық сомасынан есептеледі.
МЗЖ ұстайтын ең жоғарғы жалақы мөлшері — айына 50 ең төменгі жалақы (ЕТЖ). 2025 жылы ЕТЖ 85 000 теңге болғандықтан, шекті сома 4,25 млн теңге.
Ал МӘМС үшін ең жоғарғы база — 20 ЕТЖ, яғни 1,7 млн теңге.
Жеке табыс салығы қалай есептеледі?
Әлеуметтік жарналар ұсталғаннан кейін жалақыдан 10% мөлшерінде жеке табыс салығы алынады. Бұл сома шегерімдер қолданылғаннан кейінгі табыстан есептеледі.
Егер қызметкер зейнеткер болмаса, мүгедектігі жоқ және жеңілдік санатына кірмесе, алдымен жарналар шегеріледі, содан кейін базалық шегерім қолданылады.
Нақты мысалдар
150 000 теңге жалақы:
- МЗЖ — 15 000 тг
- МӘМС — 3 000 тг
2025 жылы ЖТС — 7 695,2 тг, қолға тигені — 124 304,8 тг
300 000 теңге жалақы:
- МЗЖ — 30 000 тг
- МӘМС — 6 000 тг
ЖТС — 20 895,2 тг, таза жалақы — 243 104,8 тг
500 000 теңге жалақы:
- МЗЖ — 50 000 тг
- МӘМС — 10 000 тг
ЖТС — 38 495,2 тг, қолға тигені — 401 504,8 тг




