«Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын»: Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысқа пікір білдірді

Журналист сұхбат барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыстың «анық ұзарып бара жатқанын» айтты. Сол кезде Қазақстан Президентіне өзін мүмкін делдал ретінде көре ме деген сұрақ қойылды.
«Шындығында, жағдай өте күрделі, және негізгі мәселе – территориялық сұрақ. Қазақстан әрқашан қақтығысты тек саяси және дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Бізге бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – қарсы тараптарды келіссөз үстеліне отырғызу деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
«Біздің ел делдалдық рөлді мақсат етпейді. Дегенмен, Қазақстан әрдайым көмектесуге дайын, соның ішінде келіссөздер үшін бейтарап алаң ұсынуға да әзір, егер мұндай мүмкіндік туындаса», – деп атап өтті Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пакистандық The News International газетімен эксклюзив сұхбат берді.
Сұхбат барысында Тоқаев Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылудан қандай пайда көретінін түсіндірді. Сонымен қатар, ол АҚШ пен Дания арасындағы Гренландия дауына өз көзқарасын білдірді, Дональд Трамптың АҚШ ішкі саясатына баға берді және Газа секторы үшін бейбіт жоспарға пікірін айтты.




