Абай салбурыны – 2025: елдің ең үздік құсбегілері Абай облысында бас қосты

Абай салбурыны – 2025 турнирі Абайдың 180 жылдығына орай Абай ауданындағы TauKum этноауылында өтті. Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл айтулы додада еліміздің әр өңірінен келген саятшылар өз шеберлігін көрсетті.
70-тен астам бүркіт, 14 сұңқар және 15 қаршыға бақ сынады
Жарысқа 9 облыс пен 3 қаладан келген саятшылар қатысты. Екі күнге созылған турнир барысында құмай тазы жарысы да ұйымдастырылды.
Қатысушылардың айтуынша, биылғы сын жоғары деңгейде өткен. Қарағанды облысынан келген Темирали Төлегенұлы турнирге бес саятшымен бірге қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Абай салбурыны – 2025″ жарысына Қарағандыдан бірнеше құсбегі болып келдік. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Барлық жағдай жасалған. Ұлттық спорт дамысын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді ол.
Жетісу облысының құсбегі Азен Шаймардан да ұлттық спорттың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бұрын 10–20 шақты құсбегі ғана болатын, көбіне жасы үлкен ағалар. Қазір жастардың қызығушылығы артып келеді. Құсбегілік – өте жауапты, әрі киелі өнер. Бұл — қазақ халқының төл мұрасы», – деді ол.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген шараның жабылуына облыс әкімі қатысты
Мәдениет пен салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шараның жабылу рәсіміне Абай облысының әкімі, «Құсбегілік» федерациясының президенті Берік Уәли қатысты. Сонымен бірге Шымкент қаласының мәдениет күндері аясында келген делегация мүшелері де марапаттау рәсімінде болды.
Берік Уәли ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын еске салды.
«Президентіміз ұлттық ерекшелік пен дәстүрді жоғалтпау – жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеудің кепілі екенін атап өткен. Ұлттық спорт түрлері жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол «Абай салбурыны – 2025» республикалық турнирінің жоғары деңгейде өткенін және елдің үздік құсбегілерін бір алаңда тоғыстырғанын айтты.
Үздіктер анықталды
Жарыс қорытындысы бойынша:
- Бүркітпен аң аулау сайысында – Астана қаласының саятшысы Ерасыл Серікбек, Қарашолақ атты қыранмен жеңімпаз атанды.
- Қаршыға сайысында – Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан (Қанжар атты құсы).
- Сұңқар (ителгі) бәйгесінде – Бабажан Бақдәулет, Қаракөз атты сұңқарымен топ жарды.
- Құмай тазы жарысында – Үржар ауданынан келген Рахат Ақылжанов үздік болды.
Шара ән-жырмен әрленді
Мерекелік жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші әрі жыршы Айгүл Елшібаева мен мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов өнер көрсетіп, салтанатты кештің көркін ашты.
Спортшыға автокөлік табысталды
Турнир барысында Жапонияда өткен XXV Сурдлимпиялық ойындардың дзюдо бойынша қола жүлдегері Алтынбек Какитаевқа Абай ауданының тұрғындары атынан автокөлік сыйға берілді. Оның бапкеріне арнайы сертификат табысталды.




