Абат Аймбетов жаңа еуропалық клубқа ресми түрде ауысты

Қазақстандық футболшы Абат Аймбетов жарты жылдай келісімшартсыз жүргеннен кейін Румынияның Петролул клубының сапына ресми түрде қосылды. Бұл туралы Плоешти қаласындағы клубтың мәлімдемесіне сілтеме жасап dailykz хабарлады.
30 жастағы шабуылшы жаңа командаға еркін агент ретінде келді. Келісімшарт ағымдағы маусымның соңына дейін жасалған және оны ұзарту мүмкіндігі бар. Аймбетовтың трансферлік құны 400 мың еуро деп бағаланып отыр.
Айта кетейік, футболшы соңғы алты айдан астам уақыт бойы клубсыз жүрген. Өткен жазда ол Түркия чемпионатының екінші дивизионына түсіп қалған Adana Demirspor командасынан кеткен еді. Бұған дейін Аймбетов Қазақстанда Ақтөбе, Қайрат, Астана клубтарында, сондай-ақ Ресейдің Крылья Советов командасында өнер көрсетті.
Шабуылшының еншісінде Қазақстан Премьер-лигасының үш чемпиондық атағы бар. Сонымен қатар, ол бір рет Қазақстан Кубогын жеңіп алған.
Ұлттық құрама сапында Аймбетов 45 матч өткізіп, тоғыз гол соққан. Ол Қазақстан құрамасы үшін соңғы рет 2025 жылдың наурыз айында алаңға шықты.
Петролул клубы 1924 жылы құрылған. Команда төрт рет Румыния чемпионы атанған, соңғы мәрте — 1965/66 маусымында. Сондай-ақ, клуб үш рет ұлттық кубокты иеленген.
Ағымдағы маусымда Румыния Суперлигасында 26 турдан кейін «Петролул» 25 ұпай жинап, 16 команданың ішінде 12-орында тұр.



