«Ақтөбе» Еуропа чемпионы Наниді таныстырды

«Ақтөбе» Еуропа чемпионы Наниді таныстырды — атақты португалиялық футболшы Луиш Нани Ақтөбеге келді. Жақын уақытта ол Қазақстан Премьер-лигасының жергілікті клубының жаңа ойыншысы ретінде ресми түрде таныстырылады деп күтілуде, деп хабарлайды dailykz.
Алдымен Нани «Ақтөбе» академиясының тәрбиеленушілеріне арнайы таныстырылымда көрсетілді. Залда жиналған балалар футболшының есімін ерекше ықыласпен ұрандатып, қошемет көрсетті. Экранда португалиялықтың «қызыл-ақтардың» формасындағы бейнесі мен «Ақтөбеге қош келдің!» деген жазу пайда болды.
Одан кейін сахнада Нани жас футболшылармен бірге доп тебіп, шеберлігін көрсетті. Микрофон арқылы ол балалармен бірге жанкүйерлерге жақсы таныс «Зига-Зага» ұранын айтты. Бұл сәт жасөспірімдер үшін ұмытылмас әсер қалдырды.
Қазіргі таңда 39 жастағы португалиялықтың «Ақтөбе» сапына ресми түрде қосылатыны күтілуде. Айта кету керек, Нани 2024 жылдың желтоқсанында футболдағы мансабын аяқтайтынын жариялаған болатын.
Луиш Нани мансабында бірқатар еуропалық алпауыт клубтардың намысын қорғады. Ол Португалияның «Спортинг», Англияның «Манчестер Юнайтед», Түркияның «Фенербахче», Испанияның «Валенсия» және Италияның «Лацио» командаларында ойнады. «Манчестер Юнайтед» құрамында ол төрт рет Англия Премьер-лигасын жеңіп алып, бір мәрте Чемпиондар лигасының чемпионы атанды.
Португалия ұлттық құрамасында вингер 112 матч өткізіп, 24 гол соқты. 2016 жылы Нани ұлттық құрамамен бірге Еуропа чемпионы атанып, футбол тарихында өз есімін қалдырды.




