Джокович Үлкен дулыға турнирлеріндегі 400-ші жеңісіне жетіп, Федерердің рекордын қайталады

Джокович Үлкен дулыға турнирлеріндегі 400-ші жеңісіне жетті — сербиялық Новак Джокович әлемдік теннис тарихында алғаш рет бұл межені бағындырды, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Сенбі күні әлемнің төртінші ракеткасы Australian Open турнирінің үшінші айналымында ATP рейтингінде 75-орында тұрған нидерландтық Ботик ван де Зандсхулппен кортқа шықты.
Кездесу үш сетке ғана созылды, ал соңғы сет тай-брейкке ұласты. Матч нәтижесі — 6:3, 6:4, 7:6 (7:4) Джоковичтің пайдасына. Қарсыластар кортта 2 сағат 44 минут бойы ойын көрсетті.
38 жастағы серб теннисшісі осылайша 1988 жылдан бері Australian Open турнирінің төртінші айналымына шыққан ең жасы үлкен ойыншы атанды. Келесі кезеңде ол чехиялық Якуб Меншик пен америкалық Итан Куинн арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Бұл жеңіс Новак Джоковичке тағы бір тарихи көрсеткішті тіркеуге мүмкіндік берді. Ол Australian Open турнирінде 102 матчта жеңіске жетіп, мансабын аяқтаған швейцариялық Роджер Федерердің рекордын қайталады.
Жалпы алғанда, Джокович Үлкен дулыға турнирлерінде 400 рет жеңіске жетті. Бұл көрсеткіш бойынша оған ең жақын ойыншы — Роджер Федерер (369 жеңіс). Үшінші орында испаниялық Рафаэль Надаль (314) тұр. Әйелдер арасындағы ең үздік нәтиже америкалық Серена Уильямсқа тиесілі — 367 жеңіс.




