«Ең алдымен, ол октагонға оралуы керек»: Ислам Махачев Шавкат Рахмоновтың титулдық жекпе-жекке деген құқығы туралы айтты

UFC-дің жартылай орта салмақтағы (77 кг) чемпионы Ислам Махачев қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновтың өзімен титулдық жекпе-жек өткізуге деген талабын орынды деп санамайтынын айтты, деп хабарлайды dailykz Sports24.ru басылымына сілтеме жасап.
Дагестанда өткен баспасөз кездесуінде Махачев жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді. Әңгіме барысында журналистер оның бірнеше күн бұрын Шавкат Рахмоновпен амандасқанын еске салды.
Рахмонов өзін 77 келідегі ең қауіпті қарсылас деп атаған соң, Махачевтен бұл пікірге реакция сұралды.
Чемпионның жауабы қысқа болды:
«Ең алдымен, оның қайтып келуі керек — ол бір жылдан бері жекпе-жекке шыққан жоқ. Претендент бір жыл бойы жарақатпен жүріп, кейін келіп бірден белбеуге таласа алмайды. Иә, біз амандастық, ол мені құттықтады, қол алыстық. Егер ол толық қалпына келіп, UFC оны келесі қарсылас деп шешсе — неге болмасқа?», — деді Махачев.
Бұған дейін UFC басшылығы Шавкат Рахмоновтың болашағына қатысты пікір білдірген. Ұйым өкілдерінің айтуынша, қазақстандық спортшы титулдық мүмкіндікке қайта ие болу үшін алдымен тағы бір жекпе-жек өткізуі керек.
Айта кетсек, бұған дейін Рахмонов жартылай орта салмақтағы жаңа чемпион Ислам Махачевпен ортақ жекпе-жек өткізуді ұсынған еді.




