Елена Рыбакина эмоциясын көрсетпейді — Серена Уильямстың экс-жаттықтырушысы пікір білдірді

Елена Рыбакина туралы пікір білдірген әйгілі америкалық бапкер, бір кездері Серена Уильямстың тәлімгері болған Рик Макчи қазақстандық спортшыға жылы лебізін жеткізді, деп хабарлайды dailykz.
Серена Уильямс сияқты тарихтағы ең табысты теннисшілердің бірін жаттықтырған Рик Макчи Елена Рыбакинаның кортта эмоциясын ашық көрсетпейтіні үшін жиі сыналатынын атап өтті. Алайда ол мұндай көзқараспен келіспейтінін жасырмады.
«Көп адам Рыбакина эмоциясын білдірмейді деп шағымданады. Нағыз чемпиондар бәрін ішінен сезінеді. Ең маңыздысы — масканың ар жағында не тұрғаны. Ұлы болу және мінсіз ойын көрсету үшін сабыр мен қарқын дәл сәтте бірігуі керек. Рыбакина мұны айқын көрсетті», — деп жазды Макчи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, Мельбурнде өткен әйелдер арасындағы Үлкен дулыға турнирі Елена Рыбакинаның жеңісімен аяқталды. Ол Australian Open турнирін ұтып алған алғашқы қазақстандық теннисші атанды.




