Елена Рыбакина Қазақстанға алғыс айтты — Australian Open 2026 тарихи жеңісі » DailyKz
Новости Спорта

Елена Рыбакина Қазақстанға алғыс айтты — Australian Open 2026 тарихи жеңісі

Australian Open 2026 чемпионы Елена Рыбакина финалдан кейін Қазақстанға алғыс білдірді. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.

Қазақстанның бірінші ракеткасы шешуші ойында Беларусь өкілі, әлемдік рейтингтің көшбасшысы Арина Соболенконы жеңді. Осылайша Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің чемпионы атанды. Бұған дейін ол Үлкен дулыға санатындағы тағы бір беделді жарыс — Уимблдон-2022 турнирінде жеңіске жеткен болатын.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Рыбакина қарсыласына және оның командасына құрмет көрсетті:
«Қазір сөз табу қиын. Бірақ алдымен Аринаны соңғы екі жылдағы керемет нәтижелерімен құттықтағым келеді. Бұл оңай емес екенін білемін, дегенмен болашақта финалдарда әлі талай кездесеміз деп үміттенемін. Командаңа да алғыс — сендер үлкен жұмыс атқардыңдар», — деді чемпион.

Сондай-ақ ол жанкүйерлердің қолдауы мен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа жеке алғысын жеткізді. Айта кетейік, федерация басшысы финалды трибунадан тамашалады.

«Барлығыңызға керемет атмосфера үшін рахмет. Бұл нағыз шайқас болды, ал сіздердің қолдауларыңыз бізге берілмеуге күш береді. Қазақстанға ерекше алғыс айтамын! Сол жақтан [қазақстандық жанкүйерлер отырған сектордан] зор қолдауды сезіндім. Турнир ұйымдастырушыларына да ризашылығымды білдіремін», — деді Рыбакина.

Теннисші өз командасын да атап өтті:
«Командамсыз бұл жетістік мүмкін болмас еді. Біз көп қиындықтан өттік, бірақ бүгінгі нәтиже соған тұрарлық. Жыл бойы осы қарқынды сақтаймыз деп сенемін».

Марапаттау кезінде Рыбакинаның жеке бапкері Стефано Вуков арнайы сыйлыққа ие болды. Ал чемпион қыз салтанатты рәсімнен кейін кубокпен бірге суретке түсті.

Related Articles

Back to top button