«Халықтың 750 млн теңгесі»: Алматы әкімдігі «Қайратқа» қаржы бөлінді деген айыптауларға жауап берді

Алматы қаласы әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт басқармасы ФК «Қайратты» дамытуға 750 млн теңге бөлінеді деген ақпаратқа түсініктеме берді. Басқарма хабарлағандай, бұл қаражат нақты балалар мен жасөспірімдерге бағытталады.
Threads платформасындағы «Президентке хат» аккаунтында Алматы әкімдігі ФК «Қайратқа» 750 млн теңге қаржы бөледі деген ақпарат жарияланған.
«Қазақстан Президентінің бюджет есебінен футбол клубтарын қаржыландыруға қатысты сынынан кейін Алматы әкімдігі олигарх Қайрат Боранбаевқа тиесілі жеке ФК «Қайратқа» халықтың 750 млн теңгесін бөледі деген ақпарат тарауда», – делінген жарияланымда.
Бұл жарияланымға Алматы қаласы әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт басқармасы түсініктеме берді. Басқарма бұған дейін Sportarena.kz басылымына да жауап бергенін және жарияланымға сілтеме қоса берілгенін хабарлады.
«Қаржы әртүрлі жас топтарындағы балалар мен жасөспірім командаларын ұйымдастыру қызметтеріне арналған. Бұл қызметтер балалар мен жасөспірім командаларының Қазақстан Республикасының футбол біріншілігіне қатысуын қамтамасыз ету және спорт сыныптарында оқу-тренировкалық жаттығулар ұйымдастыруды қамтиды.
Қаржыландыру тек ашық конкурс арқылы, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Аталған конкурс әлі өткізілген жоқ», – делінген түсініктемеде.
Сонымен қатар, басқарма хабарлағандай, жоспарланған бюджет қаражаттары тек балалар мен жасөспірім футболын қолдауға, спорт резервін дамытуға және Алматы қаласында футболмен айналысатын тәрбиеленушілердің жаттығу үдерісін қамтамасыз етуге бағытталады.
«Бұл нақты кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі құрамасын тікелей қаржыландыру туралы емес. Қалалық бюджет қаражаты командалардың халықаралық чемпионаттарға қатысуына, кәсіби футболшылардың жалақысын төлеуге немесе клубтардың басқа коммерциялық қызметіне арналмаған», – делінген хабарламада.




