Хамзат Чимаев жол апатындағы қаза туралы қауесетке жауап берді

Аралас жекпе-жек (ММА) шебері Хамзат Чимаев Шешенстанда болған жол-көлік оқиғасында қаза тапты деген жалған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды dailykz.
Спортшы Instagram парақшасында Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыровпен бірге түскен суретін жариялап, оған шешен тілінде жазба қалдырған. Сонымен қатар ол көлік жүргізіп келе жатқан сәтінен видео бөлісті. РИА Спорт оның сөздерінің аудармасын келтірді.
«Біз тіріміз, өлген жоқпыз. Мүмкін біреулер біздің өлімімізді қалаған шығар… Қазір Абу-Дабидеміз, ауа райы жақсы… Мені жерлемеңіз», – деді Хамзат Чимаев.
Басылымның мәліметінше, бұған дейін әлеуметтік желілерде Чимаевтың Грозный қаласында болған ірі жол апатынан қаза тапқаны туралы қауесет тараған. Бұл ақпаратты «Ахмат» жауынгерлік клубының президенті Мурад Бичуев те ресми түрде жоққа шығарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ Шешенстан басшысының ұлы Адам Қадыровтың кортежі ауыр жол апатына ұшырады деп хабарлаған еді. Мәліметтерге сәйкес, Адам Қадыров ауруханаға жеткізілген.
Алайда кейінірек Рамзан Қадыров жол апатына қатысты тараған әңгімелерден соң Адаммен бірге түскен видеоны жариялап, ұлының кезекті марапат алғанын мәлімдеді.
Хамзат Чимаев жол апатындағы қаза туралы қауесетке жауап берді




