Канат Ислам Алматыдағы жекпе-жегін тоқтатты.

41 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Канат Ислам 27 желтоқсанда рингке шығуы тиіс болған жекпе-жегінің өтпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Sports.kz хабарлайды. Тиісті мәлімдемені спортшы әлеуметтік желілерде жариялады.
Боксшы жанкүйерлеріне арнаған үндеуінде жекпе-жектің не себепті кейінге қалдырылғанын түсіндірді.
— Құрметті жанкүйерлерім, 27-сі күні өтуі керек болған Алматыдағы бокс кешіне шыға алмайтынымды хабарлаймын. Бұл жағдай бірнеше себепке байланысты туындады, оның ішінде қарсыластар тарапынан болған мәселелер де бар. Егер бәрі ойдағыдай болса, жекпе-жек шамамен бір жарым айға кейінге шегеріледі. Нақты күн белгілі болған сәтте міндетті түрде хабарлаймыз, — деді Канат Ислам.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
Басылымның нақтылауынша, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері 27 желтоқсанда Алматыда өтетін бокс кешінде жұдырықтасуы тиіс болған.
Айта кетейік, Канат Ислам бірінші орта салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe чемпиондық белбеулерінің иегері болып табылады.








