Клебо Олимпиададағы алғашқы ерлер арасындағы шаңғы жарысында жеңіске жетті, қазақстандықтар топ-50 қатарына кірді

Клебо Олимпиада-2026 ойындарындағы ерлер арасындағы шаңғы жарыстарының алғашқы бәсекесінде жеңіске жетті. Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиадада ерлер арасындағы шаңғы жарыстарының жарыс бағдарламасы ресми түрде басталды. Қазақстандық спортшылар бұл жолы жүлде тұғырынан көріне алмады, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Скиатлондағы алғашқы жарыс
Жексенбі күні спортшылар скиатлон жарысында бақ сынады. 20 шақырымдық қашықтық екі тең бөлікке бөлінді: алғашқысы классикалық стильде, екіншісі еркін стильде өтті.
Клебоның шешуші серпіні
Қашықтықтың екінші жартысында бес шаңғышыдан құралған топ алға суырылып шықты. Мәре сызығына таяған сәтте норвегиялық Йоханнес Клебо қарсыластарынан оқ бойы озып, жарыс жеңімпазы атанды. Осылайша 29 жастағы спортшы алты дүркін Олимпиада чемпионы атанып, өз жетістігін еселей түсті.
Жүлдегерлер үштігі
Күміс медальді франциялық Матис Делож иеленді (+2,0 секунд). Ал қола жүлде тағы бір норвегиялық шаңғышы — Мартин Нюэнгетке бұйырды (+2,1). Айта кетейік, бұл екі спортшы да Олимпиада ойындарының жүлде тұғырына алғаш рет көтерілді.
Төртінші орынды бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Савелий Коростелев (+3,6) иеленді. Жарыстан кейін Ресей тарапы Деложтың трассадағы бір учаскеде белгіленген сызықты бұзғанына байланысты қарсылық білдірді. Алайда төрешілер эпизодты қайта қарап, франциялық спортшыны жарыстан шеттетпей, тек сары карточкамен шектелді.
Қазақстандық шаңғышылардың нәтижесі
Скиатлонда Қазақстан атынан екі спортшы сынға түсті. Олимпиададағы алғашқы жарысын өткізген Амирғали Мұратбеков мәреге 45-орынмен жетті (+4:28,0). Ал тағы бір дебютант Наиль Башмаков 49-орынды қанағат тұтты (+5:01,6). Осылайша қазақстандықтар топ-50 қатарына енді.
Алда — тағы 12 жүлде жиынтығы
Айта кетейік, қысқы Олимпиада аясында шаңғы жарыстарынан барлығы 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасының бұл спорт түріндегі мүмкіндіктері туралы біз бұған дейін арнайы материалда кеңінен тоқталған едік.




