Конституция жобасы бойынша референдум алдында қазақстандықтарға ресми үндеу жасалды

Конституция жобасы бойынша референдум алдында қазақстандықтарға ресми үндеу жасалды
Конституция жобасы бойынша референдум қарсаңында Орталық референдум комиссиясының (ОРК) отырысында қазақстандықтарға арналған ресми үндеу оқылды. Комиссия азаматтарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, дауыс беруге шақырды. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.
Төменде комиссияның қазақстандықтарға арналған ресми үндеуінің толық мәтіні келтіріледі.
Ресми үндеу мәтіні
«Құрметті референдумға қатысушы!
Республикалық референдумға қатысуға конституциялық құқығыңыздың жүзеге асырылуы – Сіздің референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне енгізілуіңіз арқылы қамтамасыз етіледі.
Аталған тізімдер жергілікті атқарушы органдармен Сіздің дауыс беру учаскесінің аумағында орналасқан тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тұрақты тіркеу деректеріне сәйкес жасалады. Уақытша тіркелген азаматтар тізімге жеке өтініші негізінде енгізіледі.
Дауыс беру учаскелері мен олардың шекаралары туралы мәліметтер тиісті әкімдер тарапынан 2026 жылғы 21 ақпанға дейін жарияланады.
Сіз өзіңізге тиесілі дауыс беру учаскесін анықтау және тізімге енгізілгеніңізді тексеру үшін тіркелген жеріңіз бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінуіңізге болады. Егер тізімде болмаған жағдайда, әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылысыз.
2026 жылғы 27 ақпаннан бастап Сіз өз дауыс беру учаскеңізде республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміндегі жеке деректеріңізді тексере аласыз. Қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, учаскелік референдум комиссиясына бірден өтініш беруге мүмкіндік бар.
Сіздерді азаматтық жауапкершілік танытып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға қатысу құқығыңызды жүзеге асыруға шақырамыз!»**
Референдумға қатысты өзге де мәліметтер
Бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумды өткізу кезеңдері мен дауыс беруге қатыса алатын азаматтар саны белгілі болған еді. Сондай-ақ Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин қазақстандықтардың онлайн форматта дауыс бере алу-алмауы жөнінде пікір білдірген.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Егер жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы мерзімге дейін қолданыстағы Парламент өз жұмысын жалғастыра береді.
Жаңа Конституцияның референдумға шығарылған толық мәтінімен арнайы жарияланған ресми дереккөздер арқылы танысуға болады.



