«Мен ұқсас бағытты ұстанамын»: Тоқаев Трамптың ішкі саясатын бағалады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пакистандық The News International басылымына берген сұхбатында АҚШ Президенті Дональд Трамптың ішкі саясатына баға берді, деп хабарлайды dailykz.
Сұхбат барысында Тоқаевтан Трамптың ішкі саясаты мен қазіргі АҚШ-тағы жағдай туралы пікір сұралды.
«Президент Трамп – мықты әрі көреген көшбасшы. Ол ең бірінші кезекте елінің ұлттық мүдделерін алға қояды. Бұл АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінде және қазіргі таңда жүргізіліп жатқан, әсіресе әлеуметтік саладағы терең реформаларда айқын көрінеді. Мен оның тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған «ақылға сиятын саясатын» қолдаймын. Қазақстанда мен де ұқсас саяси бағытты ұстанамын, елімізді қазіргі күрделі ғаламдық жағдайда мықты етуге тырысамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев барлық азаматтар заңды қатаң сақтау және құқық қорғау органдарына құрметпен қарауы тиіс деп санайды.




