«Ол үшін бұл клуб секілді»: Ресейде Бубликтің қазақстандық азаматтығын көрсетпеуге шақырды » DailyKz
Новости Спорта

«Ол үшін бұл клуб секілді»: Ресейде Бубликтің қазақстандық азаматтығын көрсетпеуге шақырды

Ресейлік спорт журналисі өз Telegram-арнасында «Чемпионат» басылымының жарияланымдарына наразылық білдіріп, теннисші Александр Бубликтің қазақстандық азаматтығын атап көрсетуді орынсыз деп есептейтінін айтты. Бұл туралы dailykz хабарлайды.

Журналистің айтуынша, Бублик — тумысынан петерборлық спортшы, ал Қазақстан атынан өнер көрсетуі шартты сипатқа ие.

«Бублик — Петербургтен шыққан, бірақ Қазақстан үшін ойнайды. Ол бос уақытында Ресейде тұрады, Ресейде түсіріледі, Ресейде демалады, ресейлік букмекермен келісімшартта, өзін де орыс деп атайды.

Мен оның Қазақстанға спорттық тұрғыда қатысын көрсетуге қарсы емеспін. Қазақстан Сашаға үлкен қолдау көрсетті, қаржылай да көмектесті — бұл керемет. Ол тіпті азаматтығын да ауыстырды. Сондықтан барлық жерде “қазақстандық” деп жазсын. Бірақ оның жағдайында “қазақстандық” — бұл клуб сияқты. Ол “Қазақстан” деген клуб үшін ойнайды.

Қазақстанда солай жазса — дұрыс. Бірақ неге оны міндетті түрде тақырыпқа шығарасыздар? “Біздің Слон Саня Бублик Гонконгта бірінші сет ұтты” деп жазыңыздар. Немесе жай ғана: “Бублик Гонконгта бірінші сет ұтты”. Қандай қазақстандық?» — деп жазды журналист Егоров.

Еске салайық, жуырда Александр Бублик ATP деңгейінде жекелей сында тоғызыншы титулын жеңіп алды. Бұл — соңғы жеті айдағы бесінші жеңісі. Табыстан кейін теннисші әлемдік рейтингтің топ-10 қатарына кіруді бұрын армандамағанын айтқан болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Мәскеуде тұрады және оның Ресей азаматтығы бар деп мәлімдеген еді.

«Ол Мәскеуде тұрады, Ресей азаматтығы бар. Ал спорттық азаматтығы — Қазақстан. Бұл оның спорттық мансабы үшін жасалған», — деген болатын Тарпищев.

Алайда кейін Қазақстан теннис федерациясы бұл мәлімдемені толықтай жоққа шығарды. Федерация өкілдері Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейтінін және «спорттық азаматтық» деген ұғымның заң жүзінде жоқ екенін еске салды.

Related Articles

Back to top button