Олимпиада-2026-ға дайындық: «Ешқандай бюрократиялық кідіріс болмауы тиіс» — Бектенов нақты тапсырмалар берді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 2026 жылдың ақпанында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау бойынша Үкіметке бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Бұл туралы dailykz хабарлайды. Үкіметтің қорытынды отырысында премьер барлық дайындық шаралары толық көлемде әрі уақытында аяқталуы қажет екенін қадап айтты.
Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық олимпиадалық комитетке ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, шешімін күтетін мәселе қалмауы керек.
«Қорытынды құрамды бекіту, логистика, спорттық киім, медициналық сүйемелдеу және ұйымдастырушылық қолдау мәселелері қысқа мерзімде реттелуі тиіс. Ешқандай бюрократиялық кідіріс болмауы керек», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше назар аударуды талап етті. Болашағы зор спортшыларды қолдау нақты әрі ашық болуы тиіс. Бұл үшін министрлік, федерациялар және ведомстволық ұйымдар басшылары жеке жауапкершілік алады. Бұдан бөлек, кәсіби спортты дамытуға бюджеттен тыс қаражат тарту жұмысын күшейту тапсырылды.
Премьер-министр қысқы Паралимпиада ойындарына дайындықты да назардан тыс қалдырмауды ескертті. Оның сөзінше, параспортшылардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуы — рух күші мен төзімділікті тәрбиелеу, сондай-ақ инклюзивті қоғам құндылықтарын ілгерілету үшін аса маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан спортшыларын Олимпиада ойындарына дайындауға қанша қаражат жұмсалғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Олимпиада-2026-ға дайындық — тек спорттық нәтиже емес, ел беделін айқындайтын стратегиялық міндет.




