«Қайрат» матчында «Бораттың» купальнигін киген шетелдік жанкүйерлер жазаланды

Астанада «Брюгге» клубының жанкүйерлері «Қайратқа» қарсы матч кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды dailykz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанада өткен «Қайрат» – «Брюгге» ойыны барысында бірнеше шетелдік жанкүйердің шешініп, «Борат» фильміндегі кейіпкердің купальнигін көрсеткен сәті бейнеленген видео тараған еді. Оқиғадан кейін оларды полиция қызметкерлері ұстады.
Dailykz тілшісі бұл жағдайға қатысты Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне ресми сұрау жолдады. Ведомствоның мәліметінше, сотқа ұсақ бұзақылық фактісі бойынша Бельгияның үш азаматына қатысты іс түскен.
Сотта берілген ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 20 қаңтарда аталған азаматтар мас күйінде «Астана Арена» стадионының трибунасында киімдерін шешіп, іш киіммен қалып, айқайлап, айналасындағылардың назарын өзіне аударған. Бұл әрекет қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болған.
Сот отырысы барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, бұл әрекетті эмоцияға берілген күйде жасағандарын айтқан. Құқық бұзушылық фактісі бейнежазбалармен дәлелденген.
Айта кетейік, ұсақ бұзақылық үшін заңда 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Алайда Астана соты шетелдік жанкүйерлерге 5 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады.




