Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесті: қандай келісімдерге қол жеткізілді

АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше американдық компаниялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы халықаралық инвестициялық компания Ashmore Group-тың бас директоры Марк Кумбс-пен кездесті.
Кездесу барысында екі тарап өзара тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сізде шағым бар ма? Бізге жазыңыз
Президент Ashmore Healthcare International және «Самрук-Қазына Инвест» ЖШС серіктестігімен Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспарлары туралы ақпарат алды. Жобаға әлемдік деңгейдегі медициналық оператор Mount Sinai Health System тартылмақ. Мемлекет басшысы бұл маңызды жобаны жүзеге асыруда Үкімет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Өз кезегінде Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін айтты. Сондай-ақ ол Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясында басым және жоғары технологиялық секторларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының атқарушы директоры Пол Вайраух-пен кездесті.
Президент Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасындағы шамамен 180 млн долларлық инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптап, бұл стратегиялық маңызды серіктестіктің бастамасы және қазақ-америкалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.
Жобаның аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салатын болады, бұл агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және жоғары қосылған құнға ие өнім шығаруға мүмкіндік береді. Пол Вайраух өз кезегінде Касым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық келісімді жүзеге асырудағы қолдауы үшін алғыс білдірді. Ол бұл бастаманың Mars үшін Орталық Азия мен көршілес аймақтарда өндіріс пен нарықты кеңейтуге тамаша платформа болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті АҚШ Халықаралық Даму Қаржы Корпорациясы (U.S. International Development Finance Corporation, DFC) атқарушы директоры Бен Блэк-пен кездесті. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Президент корпорация Қазақстан үшін тұрақты дамуды ілгерілету бойынша маңызды серіктес екенін атап, экономикадағы әртүрлі секторларда өзара әрекеттестікті тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Бен Блэк президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беретінін айтты.
Ол тау-кен өнеркәсібі және транзиттік-көлік инфрақұрылымы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын, сондай-ақ олардың аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейтуге стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.








