Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл туралы dailykz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкіметтің кеңейтілген отырысы 10 ақпан күні жоспарланған. Аталған жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған Үкіметтің негізгі міндеттері айқындалады.
Айта кетейік, өткен жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық министрлер кабинетінің жұмысына қатысты бірқатар маңызды пікір білдірген болатын.
Сол кезде Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қосылған құн салығын (ҚҚС) арттыруды, ал жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы аударымдарын азайтуды ұсынған еді. Бұл бастамаға қатысты Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түсініктеме беріп, Қазақстанда салықтардың жиналу деңгейі жеткіліксіз екенін атап өткен.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин Үкімет отырысы барысында әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын мүлде алып тастау мүмкіндігі де қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.



