Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз келіге арықтағанын айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында денсаулығы туралы сұрақтарға жауап беріп, соңғы уақытта тоғыз келі салмақ тастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап dailykz хабарлайды.
Сұхбат барысында журналист Мемлекет басшысының денсаулығына қатысты түрлі қауесеттер бар екенін, кейбіреулер оның қатты арықтап кеткенін айтып жүргенін атап өтті.
Оған жауап ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзін жақсы сезінетінін және ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, қан қысымы қалыпты деңгейде, ал жалпы жағдайы спортпен жүйелі түрде айналыса бастағаннан кейін жақсарған.
«Денсаулығыма шағымым жоқ, қан қысымым тұрақты түрде нормада. Күн сайын йогамен айналысуға дағдыландым, бірақ медитациясыз. Аптасына екі рет бұрын кәсіби деңгейде ойнаған спортшымен үстел теннисын ойнаймын. Шынында да, тоғыз келіге арықтадым, бұл өзімді әлдеқайда жақсы сезінуге көмектесті», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президенттен ТМД елдері басшыларының қайсысы спортпен айналысатыны туралы да сұралды.
«Путин жақында Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде жас дзюдошыға қарсы шығып, аға буынның абыройын қорғады. Әзербайжан Президенті Әлиев те физикалық тұрғыда мықты, ол тұрақты түрде жаттығады. Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те жақсы формада, спортзалға барып тұрады. Пашинян — велосипед әуесқойы. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайтыны белгілі болды. Рахмон да денсаулығына шағымданбайды, теңізші-жауынгердің шынығуы бар. Қысқасы, әріптестерімнің бәрі керемет формада», — деп бөлісті Қасым-Жомарт Тоқаев.




