Қазақстан құрамасы Қатардағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан стендтік атудан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды dailykz ҚР ҰОК-қа сілтеме жасап.
Ел қоржынына алтын жүлдені Элеонора Ибрагимова, Анастасия Прилепина және Наргиза Сарманова салды. Қазақстандық спортшылар «трап» дисциплинасы бойынша командалық жарыста ең жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді.
Қазақстан атқыштары бұл дисциплинада жеке есепте де табысты өнер көрсетті. Максим Бедарев пен Элеонора Ибрагимова күміс жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ұлттық құрамасы «скит» дисциплинасы бойынша екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын.
Қатар астанасында өтіп жатқан стендтік атудан Азия чемпионаты бүгін, 22 қаңтарда, өз мәресіне жетеді. Құрлықтық біріншілікке 17 елден 196 спортшы қатысты.




