Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қайтарылмастылығы туралы норма өзгеріссіз қалады – Конституциялық комиссия

Конституциялық комиссияның төртінші отырысында Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселесі қаралды, деп хабарлайды dailykz.
Конституциялық соттың төраға орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституцияға қазақстанның белгілі аумақтарында қаржы саласында арнайы құқықтық режим орнату немесе «жылдам дамитын қалалар» құру мүмкіндігі туралы жаңа бап енгізу ұсынылып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, бұл негізінен Халықаралық қаржы орталығы «Астана» қызметі мен Алатау қаласын дамыту шараларына қатысты. Мұндай қадамдар республикадағы экономикалық дамуды тиімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен бірге Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, ұсынылған норма Конституцияның негізгі қағидаларымен тығыз байланысты қарастырылуы тиіс, себебі мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек конституциялық заңмен анықталады.
«Мемлекеттің біртұтастығы, аумақтық тұтастығы, қорғалуы және қайтарылмастылығы туралы Конституциялық норма өзгеріссіз қалады», – деп ерекше атап өтті Бақыт Нұрмұханов.
Яғни, Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қайтарылмастылығы сақталады, ал жаңа шаралар тек экономикалық дамуға бағытталған арнайы құқықтық режимдерді енгізуге арналған.



