Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық разрядтағы ең үздік теннисшісі Анна Данилина Australian Open – 2026 турнирінің ширек финалында жеңіске жетіп, жарыстың жартылай финалына жолдама алды. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.
Маусымдағы алғашқы Үлкен дулыға турнирінде қазақстандық спортшы сербиялық Александра Круничпен бірге өнер көрсетіп жүр. Бұл жұп жарыста 7-нөмірлі сеяны ретінде тіркелген. Ширек финалда олардың қарсыластары турнирдің басты фавориттері – чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсенд болды.
Кездесу барынша тартысты өтіп, үш сетке созылды. Нәтижесінде Анна Данилина мен Александра Крунич матчты 6:2, 3:6, 6:0 есебімен өз пайдасына шешті.
Теннисшілер кортта 1 сағат 40 минут ойнады. Осы уақыт ішінде қазақстандық-сербиялық дуэт бір эйс орындап, қос қателікке жол бермеді және алған алты брейк-пойнттың барлығын сәтті жүзеге асырды.
Осылайша, Анна Данилина мен Александра Крунич жартылай финалға шықты. Келесі кезеңде олар 5-нөмірлі сеяны атанған канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефани жұбына қарсы ойнайды.
Анна Данилинаның Australian Open турнирінің жартылай финалына шығуы – қазақстандық теннис үшін маңызды жетістік.




