Ресми түрде: Бублик алғаш рет әлемдік рейтингтің топ-10 қатарына енді

Маусым басындағы алғашқы турнирлерден кейін Теннисшілердің кәсіби қауымдастығы (ATP) жекелей және жұптық разрядтар бойынша жаңартылған рейтингті жариялады. Бұл туралы dailykz ATP-нің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық теннисші Александр Бублик өткен аптада Гонконгта өткен ATP 250 санатындағы хард турнирінде чемпион атанды. Осы жеңіс оған маңызды ұпай әкеліп, британдық Джек Дрэйперді артта қалдыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Бублик әлемдік рейтингте 11-орыннан 10-орынға көтерілді.
Бұл — Александр Бублик үшін тарихи жетістік. Ол жеке мансабындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп қана қоймай, ATP рейтингінің топ-10 қатарына енген алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Бұған дейін 28 жастағы спортшы бұл жетістігін ерекше оқиға ретінде бағалаған болатын.
Әлемдік рейтингтің көшбасшысы өзгерген жоқ. Бірінші орынды испаниялық Карлос Алькарас сақтап қалды. Үздік үштікте сондай-ақ италиялық Янник Синнер мен германиялық Александр Зверев орналасқан.
Гонконгтағы финалда Бубликке жол берген Лоренцо Музетти бірден екі саты жоғарылап, жетінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал оның алдында сербиялық аңыз теннисші Новак Джокович тұр.
Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко да өз позициясын жақсартты, алайда әлі де үздік жүздікке кіре алған жоқ. Жаңартылған рейтингте ол 104-орынды иеленді.
Жұптық разрядта көшбасшылықты британдық Ллойд Гласспул сақтап қалды. Қазақстандықтар арасында ең үздік көрсеткіш — Бейбіт Жұқаевта, ол қазіргі таңда 367-орында тұр.
Еске салайық, Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде Елена Рыбакина жекелей сында әлемнің бесінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалды. Ал Юлия Путинцева үздік 100 спортшының қатарынан шығып қалды.




