«Сот шешімінсіз ешкімді қылмыскер деп атауға болмайды»: Конституция реформасы туралы омбудсмен пікірі

Қазақстанда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев негізгі заңда адам құқықтарына қатысты қандай нормалар міндетті түрде қамтылуы керектігін айтты. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.
Омбудсменнің айтуынша, Конституциядағы негізгі құқықтар бөлімінің өзегінде кінәсіздік презумпциясы тұруы тиіс. Яғни, адам қоғам алдында әуел бастан кінәсіз деп саналуы қажет.
«Адам тіпті қылмыс үстінде ұсталған күннің өзінде, немесе өз еркімен кінәсін мойындаса да, сот оның кінәсін дәлелдеп, үкім шығарғанға дейін кінәсіз болып есептелуі керек. Блогер де, журналист те, министр де, тіпті уәкілдің өзі де оны қылмыскер деп атауға құқылы емес. Мұндай шешімді тек сот қана қабылдай алады», – деді Артур Ластаев.
Оның пікірінше, дәл осы қағида адамның беделін қорғап, оны ерте қоғамдық айыптаудан сақтайды. Сонымен қатар, Конституцияда әділдік пен пропорционалдылықтың халықаралық қағидаттары нақты кепілденуі тиіс. Бұл жерде басты ұстаным – бір құқық бұзушылық үшін бір ғана жаза қолдану, яғни бір әрекет үшін қайта-қайта жазалауға жол бермеу.
Артур Ластаев сондай-ақ өзіне қарсы айғақ бермеу құқығын Конституция деңгейінде нақты бекітудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма негізгі заңда айқын әрі нақты жазылуы керек.
«Конституцияда адамның өзіне, жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болмау құқығы тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс. Бұл қағида дін қызметкерлеріне де қатысты, яғни тәубе кезінде айтылған сырлар қорғалуы қажет. Мұндай норма негізгі құқықтармен тікелей байланыстырылған жағдайда, ол өзін-өзі айыптауға қарсы конституциялық қалқанға айналып, азаматтарды заңсыз қысымнан қорғайды», – деді уәкіл.
Осылайша, Конституция реформасы аясында адам құқықтарын күшейту, әсіресе кінәсіздік презумпциясы мен өзін-өзі айыптаудан қорғау қағидаларын нақтылау басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырылып отыр.



