Тоқаев: халықаралық дауларда делдал болуға ниетім жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында халықаралық ахуалға қатысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап dailykz хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан қазіргі күрделі кезеңде сырттан бақылаушы болып қала алмайды.
«Біз халықаралық қатынастардың негізгі мәселелері бойынша өз көзқарасымызды, байыпты әрі теңгерімді ұстанымымызды қалыптастыруымыз керек. Сол себепті БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалау жөніндегі Қазақстанның ұстанымын жан-жақты баяндадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент халықаралық қақтығыстарда араағайын болу немесе БҰҰ-ға қайта қызметке оралу жөніндегі әңгімелерге де нақты жауап берді.
«Халықаралық дауларда делдал болуға да, кейбір елдердің қызығушылығына қарамастан БҰҰ-ға қайта оралуға да менің ешқандай ниетім жоқ. Дегенмен жабық консультациялар мен пікірталастарға қатысамын, өйткені бірқатар мемлекет басшылары менің пікіріме құлақ асады. Бұл маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қажет деп санамаймын, мен популизмнен алыс адаммын. Көріп отырғанымдай, бейресми кеңестерге қатысушылар үшін де бұл жайт маңызды», – деп атап өтті Президент.
Еске сала кетейік, желтоқсан айының ортасында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесу барысында Украина мен Ресей арасындағы ықтимал диалог үшін Қазақстанды келіссөз алаңы ретінде ұсынған болатын.
