«УЕФА лицензиясын алмады» деген ақпаратқа қатысты: Қызылордадағы жаңа стадион туралы ресми мәлімдеме

Қызылорда қаласындағы жаңа «Kaysar Arena» стадионы УЕФА лицензиясынан өтпеді деген ақпаратқа қатысты СЦК жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы ресми түсініктеме берді. Бұл туралы dailykz хабарлайды.
Арнайы чат-бот арқылы келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде стадион УЕФА тарапынан лицензияланбады деген жалған ақпарат тараған.
Ресми жауап: ақпарат шындыққа жанаспайды
Орталық өкілдерінің айтуынша, бұл мәлімет бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейді. Қызылорда облысы әкімдігінің туризм және спорт басқармасы жобалық шешімдерге сәйкес жаңа стадионның Қазақстан футбол федерациясынан лицензия алғанын және УЕФА-ның ресми сайтында UEFA Time сертификаттау бағдарламасына 4-санаттағы стадион ретінде енгізілгенін растады.
2018 жылғы УЕФА-ның «Стадион инфрақұрылымы регламентіне» сәйкес, 4-санат — ең жоғары деңгей болып саналады.
Инспекция және халықаралық талаптарға сәйкестік
Ведомство мәліметінше, стадионды УЕФА өкілдері тексеретін инспекция сәуір–мамыр айларына жоспарланған. Бұл — лицензиялау барысындағы стандартты рәсім.
Сонымен қатар, стадионның ойын алаңы ФИФА тестілеуінен өтіп, FIFA QUALITY PRO атты ең жоғары деңгейлі сертификатқа ие болды. Бұл халықаралық матчтарды өткізуге толық мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Құрылыстың аяқталуы және президенттің сапары
Айта кетейік, «Kaysar Arena» стадионының құрылысы 2025 жылдың қазан айында аяқталды. Нысанды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып көрген. Бұған дейін-ақ жаңа спорт кешені УЕФА жіктемесі бойынша IV санатқа сәйкес келетіні хабарланған болатын.




