Юлия Путинцева Australian Open турнирінде алғаш рет төртінші айналымға өтті

Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы екінші ракеткасы Юлия Путинцева Australian Open 2026 турнирінің үшінші айналымында жеңіске жетіп, мансабында алғаш рет төртінші кезеңге шықты, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Әлемдік рейтингте 94-орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда Түркия өкілі Зейнеп Сөнмезбен (WTA №112) кездесті.
Кездесу барынша тартысты өтіп, үш сетке созылды. Нәтижесінде Юлия Путинцева матчты 6:3, 6:7 (3:7), 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Теннисшілер кортта 2 сағат 36 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Путинцева екі эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және 13 брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды.
Осылайша, Юлия Путинцева Australian Open турнирінде алғаш рет төртінші айналымға шықты, бұл – оның аталмыш жарыстағы ең үздік нәтижесі.
Келесі кезеңде қазақстандық спортшы америкалық Ива Йович пен италиялық Жасмин Паолини арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады.




