«Здравый смысл» саясаты және Авраам келісімдері: Тоқаев пен Трамп Давоста не жайлы сөйлесті

Давоста өткен қысқаша әңгіме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп бірқатар маңызды тақырыптарды қозғады. Кездесудің мазмұны туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды dailykz.
Руслан Желдібайдың айтуынша, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысы мен АҚШ президенті арасындағы Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімі кезіндегі қысқа әңгімеге түсініктеме беруді сұраған.
Оның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптесінің назарын Давос форумында таратылған ресми құжатқа аударған. «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын материалда 177-жеңіс ретінде Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы көрсетілген.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Дональд Трампқа ел ішіндегі «здравый смысл» (парасатты саясат) қағидаттарына негізделген ішкі саясатын жүзеге асыруда табыс тіледі.
Өз кезегінде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірген.
Айта кетейік, бүгін Давоста Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімі өтті. Іс-шара барысында Дональд Трамп сөз сөйлеп, бірқатар мәлімдеме жасады. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің бастамасымен құрылған осы Кеңестің жарғысына қол қойғаны хабарланған болатын.
Еске салсақ, Дональд Трамп Газадағы жағдайға байланысты Бейбітшілік кеңесін құру туралы өткен жылдың желтоқсан айында жариялаған. Оның айтуынша, төрағалығын өзі атқаруы мүмкін бұл орган болашақта «аңызға айналатын құрылым» болады.




