Қазақстандағы үш маңызды автожол ақылы болады: Жаңа жүйе қашан басталады? » DailyKz
Экономика

Қазақстандағы үш маңызды автожол ақылы болады: Жаңа жүйе қашан басталады?

Еліміздің автокөлік жолдарында ақылы жүйені енгізу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта республикалық маңызы бар үш ірі автожол учаскесінде көлік жүргізушілерінен ақы алынатын болады. Бұл жаңалықты "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі растап, жүйенің кезең-кезеңімен іске қосылатынын хабарлады. Ақы төлеу жүйесі көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Жаңа ережелер 2026 жылдың 10 шілдесінен бастап екі бағытта қолданысқа енгізіледі. Біріншісі – Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал автожолының 645,64 шақырымдық учаскесі. Бұл жолдың 91 шақырымы бұрыннан ақылы болса, 554,64 шақырымы жаңадан ақылы болады. Екіншісі – Бурылбайтал – Құрты бағытындағы 80 шақырымдық жол. Бұл екі учаскеде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – сағатына 140 шақырым.

Ал 2026 жылдың 11 шілдесінен бастап Талдықорған – Өскемен автожолындағы 772,955 шақырымдық учаске де ақылы болады. Бұл жолдың 32,4 шақырымы I-б санатындағы жол болса, 740,55 шақырымы II санаттағы жолға жатады. Мұндағы жылдамдық режимі жол санатына байланысты: I-б санатта – сағатына 110 шақырым, II санатта – сағатына 100 шақырымнан аспауы тиіс.

Ақылы жолдарға жақын орналасқан аудандардың тұрғындары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Олар абоненттік төлемді рәсімдей алады. Бұл абонемент бір айға немесе бір жылға беріледі және көліктің түрі мен жүк көтергіштігіне қарай бағаланады. Абоненттік төлемді Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал бағытында Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай, Мойынқұм, Жамбыл аудандары мен Балқаш, Приозерск қалаларының, ал Бурылбайтал – Құрты бағытында Жамбыл, Іле аудандарының тұрғындары рәсімдей алады. Талдықорған – Өскемен бағытындағы абонементті Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Үржар, Аягөз, Жарма, Ұлан аудандарының тұрғындары ала алады.

Айта кетейік, бұған дейін ақылы жолдарда мемлекеттік нөмірлерді жасыру немесе жалған нөмірлерді пайдалану фактілері анықталған. Мәжіліс депутаттары бұл мәселеге қатысты жүргізушілерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынып отыр. Олар жалған нөмірлерді қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды және цифрлық жүйелер арқылы жүргізушілердің денсаулығын бақылауды күшейтуді қарастыруда.

Реклама

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button