Қазақстан БҰҰ-да Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес елдерінің еріктілер қызметінің үздік тәжірибелерін талқылады » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан БҰҰ-да Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес елдерінің еріктілер қызметінің үздік тәжірибелерін талқылады

Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде еріктілер қызметін халықаралық деңгейде дамытуға арналған іс-шаралар өтті. Бұл шаралар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық еріктілер жылы аясында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл бастамаға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) төрағалығын жүргізіп отырған Әзербайжан, АӨСШК хатшылығы және БҰҰ еріктілер бағдарламасы (UNV) қолдау көрсетті.

Іс-шаралар аясында «АӨСШК-ке мүше мемлекеттердегі еріктілер қызметі» атты фотокөрме ашылып, «АӨСШК-ке мүше мемлекеттердегі еріктілер қызметінің үздік тәжірибелері» тақырыбында халықаралық панельдік пікірталас өтті. Сондай-ақ, АӨСШК елдеріндегі еріктілер қызметін дамытудың озық тәжірибелеріне арналған электронды басылымның тұсаукесері жасалды.

Пікірталас барысында Қазақстанның еріктілер қозғалысын дамытудағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. БҰҰ өкілдері еліміздің еріктілер қызметін есепке алудың ұлттық жүйесін және еріктілер қозғалысын ішкі және халықаралық аренада ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясатты жоғары бағалады. Бұл шараларға БҰҰ, АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысып, еріктілер қызметін дамыту, жастардың қатысуы және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық бойынша өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісті.

БҰҰ штаб-пәтерінде өткен бұл іс-шаралар Қазақстанның еріктілер қызметін ілгерілетуге және тұрақты даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесінің мойындалғанын тағы бір рет көрсетті.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button