«Өзгеріс байқалмайды»: Алғабастағы сұмдық өрттен кейін Бектенов үкіметке тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында жеке сектордағы өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Отырыстың басында ол оңтүстікте болған қайғылы өрттен қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтты.
«Зардап шеккендерге және қаза болғандардың отбасыларына материалдық та, медициналық та барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үйлердегі өрт саны едәуір артқан.
«Бұл мәселені қазан айындағы үкімет отырысында қарастырған болатынбыз. Алайда жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз», – деп түсіндірді премьер-министр.
Осыған байланысты ол халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Еске сала кетейік, кеше таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам, оның ішінде 9 бала көз жұмды. Екі ересек және бір баланы қоса алғанда, үш адам ауруханаға жеткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өрттің себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оқиғадан кейін вице-премьер Бозымбаев әкімдікке, ІІМ мен Еңбек министрлігіне нақты тапсырмалар берді.
Прокуратураның мәліметінше, отбасы алдыңғы күні сүндет той өткізген. Мереке алдымен мейрамханада өткен, кейін туған-туыстар жалғасын үйде атап, таңға жуық өрт шыққан.
Алғабастағы өрт жөніндегі ақпарат – қоғамдағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін тағы да көрсетті.




