Тоқаев парламент реформасы бойынша тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент реформасы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринді қабылдады, деп хабарлайды dailykz Ақорданың ресми дерегіне сілтеме жасап.
Президентке парламент реформасы бойынша жұмыс тобының аралық нәтижелері туралы баяндалды.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, e-Otinish мемлекеттік платформасында және Egov сервисінде «Парламент реформасы» арнайы бөлімінің іске қосылған күнінен бастап бір ай ішінде азаматтар мен қоғамдық белсенділерден осы мәселеге қатысты шамамен 300 ұсыныс түскен.
Сонымен қатар, өз ұсыныстарын 6 саяси партия жолдаған: «Amanat», «Ауыл», «Ақжол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Онда бірпалатты парламенттің жұмыс істеу механизмдері мен парламенттік партиялардың өкілеттіктері туралы ұсыныстар көрсетілген.
Парламент реформасы бойынша Жұмыс тобының мүшелері де өз сараптамалық ұсынымдарын енгізді. Қазіргі таңда түскен барлық ұсыныстар талданып, жүйелендіріліп жатыр. 2025 жылғы 2 желтоқсанға Жұмыс тобының екінші отырысы жоспарланған, онда әр бағыт бойынша ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралады.
Мемлекет басшысы алдағы парламент реформасының маңызды әрі өзекті екенін тағы бір мәрте атап өтті. Бұл реформа еліміздегі саяси өзгерістердің жаңа кезеңі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ұсыныстарды жан-жақты қарауды, олардың негізінде парламент жүйесін жаңғыртуға нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
Еске салайық, халыққа жолдаған Жолдауында Тоқаев Қазақстан парламентін бірпалатты ету және сенатты жоюды ұсынған.
Сонымен қатар, ол осы мәселені шешу үшін референдум өткізілетінін қосты.




