«Шығынға жол жоқ»: Тоқаев жарық, жылу және суды үнемдеуге шақырды

Энергетика саласы қызметкерлеріне арналған Ақордадағы салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстарды тиімді пайдалану туралы пікір білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап dailykz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары да өздерінің жауапкершілігін көрсетуі қажет екенін атап өтті.
«Электр энергиясы, жылу және су – өмірлік маңызды ресурстар. Оларды үнемді пайдалану міндетті. Бұл жалпы экономикаға қойылатын негізгі талаптардың бірі. Шығынға жол берілмейді. Әйтпесе, халық арасында айтылатындай, «үнемділік – өркендеудің кілті».
Үнемділік – ұлттық мінез-құлықтың белгісі және қоғамымыздың жаңа мәдениетінің бір бөлігі болуы тиіс. Сіздердің адал еңбектеріңіз – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің мызғымас кепілі. Әділ, таза және мықты Қазақстанда сіздер сияқты еңбекті шын сүйетін адамдар ең жоғары құрметке лайық», – деді Президент.
Айта кетейік, жақында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Оңтүстік өңірлерде алдағы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Қазақстанда жарық, жылу және суды үнемдеу – ұлттық жауапкершіліктің белгісі




