«Қауіпті мұра»: Қазақстан Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақтағы миссиясын жариялады

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Голан тауларындағы ұлттық контингенттің соңғы айлардағы жұмыстарын жариялады, деп хабарлайды dailykz.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның жаңа контингенті 44 операцияны сәтті өткізген, олардың барысында 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолмен жасалған бомба жойылған.
Сонымен қатар, қазақстандық саперлер 5 іздестіру шарасын жүргізіп, БҰҰ бақылау посттары мен базаларын тексерген, миналық алқаптарға 3 барлау сапарын жасаған және табылған жарылғыш заттарды анықтау бойынша 11 рекогносцировка жүргізген.
Инженерлік-саперлік топ өз қызметі аясында әскери қызметкерлердің, БҰҰ объектілерінің және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Біз миналық алқаптарды барлап, БҰҰ бақылау посттары мен базаларын тексереміз, жарылғыш заттар мен қолмен жасалған бомбаларды жоямыз. Барлық табылған боеприпастар — Сирия аумағындағы әскери қақтығыстардың қауіпті мұрасы», — деді Бейбітшілік операциялары орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы офицері майор Ернар Амантайұлы.
Голан тауларына жіберілгенге дейін әскери қызметкерлер Алматы гарнизонының бейбітшілік операциялары орталығында және Қонаев гарнизонының разминирлеу орталығында үш деңгейлі гуманитарлық разминирлеу курсын тәмамдаған.
Қазақстанның инженерлік әскер қызметкерлері тек өз елінде ғана емес, БҰҰ миссиялары аясында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға да айтарлықтай үлес қосып отыр, деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәуірінде Қазақстан Голан тауларындағы бейбітшілік контингентін ресми түрде ауыстырған, миссияны аяқтаған әскери қызметкерлер отанына оралды.
Айта кетсек, Голан таулары — Таяу Шығыстағы даулы аймақ. Оның басым бөлігі Израиль бақылауында болса, шығыс бөлігі Сирияға тиесілі. Екі ел осы өңір үшін жарты ғасырдан астам уақыттан бері қақтығыс жағдайында тұр.




