Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін 1 миллиард доллар төледі ме?

Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне (Газадағы бейбітшілік жөніндегі кеңес) мүше болу үшін 1 миллиард доллар төлеуі тиіс деген ақпаратқа Ақорданың баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды dailykz.
Ақорда өкілдерінің мәліметінше, Бейбітшілік кеңесіне кіру мемлекеттің толықтай егемен шешіміне негізделеді. Кеңеске мүше болған елдің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
Ресми хабарламада айтылғандай, Жарғыда көрсетілген 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке қабылдаудың міндетті шарты болып саналмайды. Бұл — әрбір қатысушы мемлекеттің өз еркі. Егер ел аталған жарнаны алғашқы жыл ішінде төлейтін болса, онда Кеңестегі мүшелік мерзімін белгіленген үш жылдан ұзартуға мүмкіндік алады.
Ақорданың баспасөз қызметі:
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз кірді. Бұл шешім Кеңес Жарғысының барлық талаптарына толық сәйкес келеді», — деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойған болатын. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Трамптың шақыруымен Давосқа барған.
Қазақстан мен АҚШ-тан бөлек, Кеңес жарғысына Армения, Аргентина, Әзербайжан, Болгария, Венгрия, Индонезия, Иордания, Косово, Пәкістан, Парагвай, Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ, Өзбекстан және Моңғолия да қол қойды.




