Маңғыстау теміржол вокзалының жаңғыртылуы 63%-ға аяқталды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау теміржол вокзалының реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында оларға құрылыстың ағымдағы қарқыны мен атқарылған жұмыстардың көлемі туралы баяндалды.
Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 63%-ға жетті. Құрылыс алаңында күн сайын 165 маман жұмылдырылып, алты бірлік арнайы техника тартылған. Бұрынғы 763,7 шаршы метрлік ғимараттың орнына жалпы ауданы 8 899 шаршы метр болатын үш қабатты жаңа жолаушылар кешені салынуда. Жаңа вокзал жолаушылар күту залдарымен, билет кассаларымен, қызмет көрсету аймақтарымен, ана мен бала бөлмесімен және басқа да сервис нысандарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, вокзал мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы үшін бейімделеді.
Реконструкция жұмыстарына қарамастан, жолаушыларға қызмет көрсету штаттық режимде жалғасуда. Құрылыс кезеңінде бұл жұмыстарды уақытша жақын маңдағы ғимаратта ұйымдастыру қолға алынған. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың өңірдің дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуді және жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы жүзеп асырылуда, оның аясында 125 вокзал реконструкциялануда. Маңғыстау облысында Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе вокзалдарында жұмыстар жүргізілуде.
Дереккөз: Kapital.kz








