Аризона университеті Қазақстанмен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейткісі келеді » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Аризона университеті Қазақстанмен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейткісі келеді

Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы бірлескен жобалар су ресурстарын басқару, агрогеномика, биоинформатика, күкіртті қайта өңдеу, жасанды интеллект, цифрлық денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру сияқты өзекті бағыттарды қамтиды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Аризона университетінің президенті доктор Суреш Гаримелланың кездесуінде айтылды. Тараптар Қазақстан үшін маңызды салаларда академиялық бағдарламаларды, ғылыми зерттеулерді және технология трансферін кеңейту перспективаларын талқылады.

Қазіргі таңда бұл бірлескен бағдарламалар бойынша 1200-ден астам студент білім алуда, ал биыл алғашқы түлектер шығарылады. Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанның жаңа Конституциясында білім, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам капиталын дамытуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгілегенін жеткізді. Қазақстан халықаралық үздік тәжірибелерді енгізіп, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту арқылы аймақтық академиялық және зерттеу хабын құруда.

Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла М. Қозыбаев атындағы университетімен пилоттық ынтымақтастықтың сәтті жүзеге асырылғанын растап, бірлескен бағдарламаның басымдықтарының бірі ғылыми зерттеулерді дамыту екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру ынтымақтастығы моделін тек Қозыбаев университетінде ғана емес, сонымен қатар елдегі басқа да жоғары оқу орындарында ауқымды түрде жүзеге асыруға болады. Университет студенттердің жетістігі, ғылыми зерттеулер және қоғамға қызмет ету сияқты үш негізгі бағытқа баса назар аударады.

Бірлескен жобалардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының су ресурстарын бақылау, тазарту және ұтымды пайдалануға бағытталған жұмыстар бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарының геномдық іріктеуі бойынша бірлескен зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар, Каспий итбалығы мен Тюльпан Грейга сияқты Қазақстанның бірегей жануарлары мен өсімдіктерінің генофондын сақтау мәселелері де қозғалды. Күкіртті қайта өңдеу және жоғары қосымша құны бар өнімдер – жоғары технологиялық материалдар, тыңайтқыштар мен сорбенттер шығару технологияларын әзірлеу жобасы да жүзеге асырылуда.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button