Cathay авиакомпаниясы Қазақстан нарығына шығады

Азиядағы ірі әуе тасымалдаушылардың бірі, Гонконгтың Cathay авиакомпаниясы Қазақстанмен әуе қатынасын ашатынын хабарлады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева мен аталған авиакомпанияның Таяу Шығыс бойынша аймақтық менеджері Оливер Коэльоның кездесуінде келісімге қол жеткізілді. Бұл жаңалықты Қаржыгерлердің іскерлік ақпарат орталығының тілшісі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Оливер Коэльоның айтуынша, Cathay авиакомпаниясы 2026 жылдың 1 тамызынан бастап Астанаға аптасына бес ретке дейін «Боинг-747» типті ұшақтармен жүк тасымалдау рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2027 жылдың қаңтарынан бастап Гонконг пен Алматы арасында «Эйрбас-330» ұшақтарымен аптасына үш рет жолаушылар рейстерін орындауды бастау ниеті бар екенін жеткізді.
Салтанат Томпиева қазақстандық тараптың бұл жобаларды жүзеге асыруда қажетті көмек көрсетуге дайын екенін растады. Тараптар жүк және жолаушылар рейстерін ашу үшін қажетті рәсімдерді орындау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға және Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша тығыз байланыс орнатуға келісті.
Cathay – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы және Азиядағы ең ірі халықаралық әуе тасымалдаушылардың бірі. Авиакомпания еншілес бөлімшелерін қосқанда, шамамен 237 әуе кемесін пайдаланады және 100-ден астам бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайды. Cathay Cargo 41 бағыт бойынша жүйелі жүк тасымалдарын жүзеге асырады, сондай-ақ жылына 1,67 миллион тоннадан астам жүк тасып, әлемдегі жетекші әуе жүк тасымалдаушы операторлар қатарына кіреді. Бұған дейін армяндық FlyOne Armenia және вьетнамдық Vietjet авиакомпаниялары Қазақстанға жаңа рейстер ашқан болатын.
Дереккөз: Kapital.kz








