2025 жылғы бюджетке 730 млрд теңге салық түспеді: Жоғары аудиторлық палатаның есебі » DailyKz
Экономика

2025 жылғы бюджетке 730 млрд теңге салық түспеді: Жоғары аудиторлық палатаның есебі

2025 жылға арналған республикалық бюджетке салық түсімдері жоспары 730 миллиард теңгеге, яғни 4,8 пайызға орындалмаған. Мұндай жағдайға салық түсімдері болжамының 1,3 триллион теңгеге негізсіз жоғары бағалануы себеп болған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның салық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудитінің қорытындысы көрсетті.

Мемлекеттік аудиторлардың тексеруі барысында соңғы төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша даулардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасын бұзу және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер себеп болған. Осыған байланысты, Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулердің сапасын арттыру және оларға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Кедендік бақылау саласында да кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, тауарларды импорттау кезінде жеңілдіктер заңсыз берілген. Мысалы, тек электр көліктеріне арналған жеңілдікпен гибридті автокөліктер де әкелінген. Бұл фактілер бойынша бюджетке 70 миллион теңге түспеген. Сонымен қатар, 34 сыртқы экономикалық субъектілер тауар импортында ҚҚС-ты есепке жатқызу әдісін заңсыз қолданып, бюджетке 670 миллион теңгеден астам қаражаттың түспеуіне себеп болған.

Аудит барысында аяқкиім өнімдерін таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны да белгілі болды. Жалпы тексеру қорытындысы бойынша 2,7 миллиард теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар, 33 рәсімдік және 11 жүйелі кемшіліктер тіркелді. Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелерді шешу үшін тиісті ұсынымдар әзірлеп, орындау үшін міндетті нұсқамалар жолдады.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button