«Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін бекітті

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының кезекті сайлауалды съезі өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Партия төрайымы Дания Еспаеваның айтуынша, бүгінгі таңда елге саяси өзгерістермен қатар, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін, әділ бәсеке мен тиімді басқаруды қалыптастыратын нақты шешімдер қажет. Партия бағдарламасы көп жылғы бастамаларды біріктіріп, елдің одан әрі дамуына кешенді көзқарас ұсынады. Онда тәуелсіздікті қорғау мен ұлттық мүдделерді күшейтуден бастап, парламентаризмді нығайту, кәсіпкерлікті қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, адами капиталды дамыту, заманауи технологиялар мен еркін нарықтық экономиканы қалыптастыру мәселелері қамтылған.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатарына 63 тұлға енді. Олардың арасында партия төрайымы Дания Еспаева мен белгілі саясаткер Азат Перуашев те бар. Толық тізіммен партияның ресми сайтында танысуға болады.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызға тағайындалған. Бұл туралы тиісті Жарлыққа 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын. Еске сала кетейік, 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданды. Жаңартылған Ата заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа заңнама бойынша Сенат жойылып, бір палаталы Құрылтайға көшу көзделген. Жаңа жоғары өкілді орган 145 депутаты бар заң шығарушы орган болады және олардың өкілеттілік мерзімі 5 жылды құрайды. Сонымен қатар, 126 мүшеден тұратын Халық Кеңесі құрылады. Бұл реформалар саясатқа жаңа буын басқарушыларды тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Дереккөз: Kapital.kz








