Түркістан облысында 200 млрд теңге көлеңкелі айналымы мен контрабанда әшкереленді » DailyKz
Қазақстан жаңалықтары

Түркістан облысында 200 млрд теңге көлеңкелі айналымы мен контрабанда әшкереленді

Түркістан облысында ауқымды қылмыстық схемалардың жолы кесіліп, жалпы құны шамамен 200 миллиард теңгеге бағаланатын көлеңкелі ақша айналымы мен контрабанда арнасы әшкереленді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Жедел іс-шаралар барысында Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз тасымалдап, оны өңірде және еліміздің батыс аймақтарында өткізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сонымен қатар, шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаған қылмыстық топ та анықталды. Тергеу кезінде бұл заңсыз делдалдық қызметтен түскен қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік органдар қызметкерлеріне пара ретінде берілгені белгілі болды. Аталған қылмыстық схемаларға қатысы бар 23 адам анықталып, олардың бесеуі қамауға алынды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 366 және 367-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Бұған қоса, прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған кәсіпорындар арқылы жақын және алыс шетелдерге шамамен 200 миллиард теңгенің тауарларын заңсыз шығару фактісін анықтады. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 235-1-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Бұған дейін де аймақта контрабандамен күрес бағытында бірқатар іс-шаралар жүргізіліп, 64 млн теңгенің тауары мен таңбаланбаған темекі өнімдерін өткізуге тырысқан қылмыстық топтардың жолы кесілген болатын.

Дереккөз: Kapital.kz

Реклама

Реклама

Related Articles

Back to top button