Тоқаев АҚШ Президентін Тәуелсіздіктің 250 жылдығымен құттықтады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы АҚШ Тәуелсіздігінің 250 жылдығы сияқты маңызды мерекемен құттықтап, бұл күн американ халқының бостандық, теңдік және әділдік қағидаттарына деген адалдығының айқын белгісі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америкалық қарым-қатынастардың қарқынды дамуына АҚШ Президентінің қосқан үлесін жоғары бағалап, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады. Мемлекет басшысы АҚШ Президентіне жауапты мемлекеттік қызметінде табыс тілеп, Америка халқына бақ-береке мен гүлденуді тіледі.
Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсан айында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты G20 саммитіне шақырған болатын. Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан мен Өзбекстан басшыларына бұл шараға «қонақ ретінде» шақыру жіберетінін хабарлаған еді. 2026 жылдың наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президентінен хат келген. Дональд Трамп келесі Бейбітшілік Кеңесі отырысында және Майамиде өтетін G20 саммитінде Қазақстан басшысын қайта қарсы алуды асыға күтетінін атап көрсеткен.
Дереккөз: Kapital.kz








