Жеке мектептердегі 13 миллиард теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды

Соңғы жылдары Қазақстанда жекеменшік мектептер санының күрт өсуі байқалуда. 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта олардың саны 3,7 есе артып, 203-тен 745-ке жеткен. Оқушылар саны да 53 мыңнан 297 мыңға дейін көбейген. Бұл көрсеткіштер, әсіресе мегаполистер мен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі мемлекеттік мектептердің шамадан тыс жүктемесін азайтуға және үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге ықпал етті. Алайда, жеке мектептердің қарқынды дамуына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс бойынша оларды қаржыландыру тетіктерінде елеулі кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды.
Қаржы министрлігінің вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, 2025 жылы қаржылық рәсімдердің ашықтығын арттыру және бақылауды күшейту мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бюджет қаражатын басқаруда бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қаражат бөлу тетігін толығымен өзгертті. Бұл шаралардың басты мақсаты – барлық әкімшілік процестерді цифрландыру және бюджет қаражатының тиісті пайдаланылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта білім беруді қаржыландырудың бірыңғай порталы негізінде пилоттық жоба іске қосылды.
Мемлекеттік аудит комитетінің жүргізген тексерулері нәтижесінде, жеке мектептерде 13 миллиард теңгеден астам қаржылық бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1,8 миллиард теңгеге жуық қаражатты оқушы орнында тапшылық болмаған жеті өңір алған. Сондай-ақ, 41 мектепте оқушы санын 1200-ден астам адамға жасанды түрде көбейтіп, 261 миллион теңге заңсыз иеленген. Кейбір мектептерде оқушылар жыл бойы 12 ретке дейін мектеп ауыстырып отырған. Бұған қоса, 24 мектепте жобалық-сметалық құжаттаманы бұрмалау, 31 мектепте іс жүзінде шағын жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, қымбат жөндеу жұмыстары көрсетілген. Бес жағдайда 30 жылдан асқан ғимараттар, соның ішінде 1962 жылы салынған мектептер қаржыландырылған. Қазіргі таңда аталған бұзушылықтар бойынша сот процестері жүріп, қаражатты бюджетке қайтару шаралары қолға алынуда.
Дереккөз: Kapital.kz








