ЖТС салықтық шегерімдері: Даулы мәселелер нақтыланды

Жаңа Салық кодексін енгізу аясында жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша салықтық шегерімдерді есептеу қағидаларына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, нақтыланды. Бұл жаңашылдықтар азаматтардың салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Атап айтқанқанда, ай сайын 30 АЕК, ал жыл бойы 360 АЕК-ке дейінгі базалық салықтық шегерім енгізілді. Бұл шегерім салық салынатын табысты азайтып, ЖТС төлемін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер де сақталды.
Кездесу барысында қызметкердің табысы базалық шегерім мөлшерінен төмен болған жағдайда оны қолдану тәртібіне қатысты даулы тұстар көтерілді. Бұрынғы Салық кодексінде пайдаланылмаған шегерімді келесі айларға ауыстыру мүмкіндігі болса, жаңа редакцияда бұл норма алынып тасталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл тетікті сақтап қалуды ұсынды. Алайда, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері базалық шегерімнің әр айда жеке есептелетінін және пайдаланылмаған соманы кейінгі кезеңдерге ауыстыру көзделмегенін нақтылады. Бұл шегерімнің негізгі мақсаты – табысы төмен азаматтарды ай сайын қолдау.
Нәтижесінде, Мемлекеттік кірістер комитеті базалық салықтық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін келесі айларға ауыстыруға болмайтынын нақтылайтын ресми түсіндірме дайындайтын болды. Бұдан бөлек, ЖТС бойынша әлеуметтік салықтық шегерімдерге де қатысты мәселелер қаралды. Кодекске сәйкес, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға 5 мың АЕК, ал III топтағы мүгедектігі барларға, мүгедек балалардың ата-аналарына, қамқоршыларға 882 АЕК көлемінде шегерім қарастырылған.
Қатысушылар жұмыс беруші ауысқан жағдайда әлеуметтік салықтық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін есепке алу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Алайда, бір мезгілде бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтар үшін бұл шегерімді қолдану тәртібі нақтыланбаған. Заңнамадағы осындай нақтылықтың жоқтығы әртүрлі түсіндіруге және теріс пайдалануға жол ашуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірілді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне әлеуметтік сипатты сақтай отырып, теріс пайдаланудың алдын алатын бірыңғай тәсіл әзірлеу тапсырылды.
Дереккөз: Kapital.kz








