Қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі «құпия Санта» ойынының қаупі туралы ескертті » DailyKz
Экономика

Қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі «құпия Санта» ойынының қаупі туралы ескертті

Қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде кең тараған «құпия Санта» ойынының қаупі алаңдатып отыр. Желі қолданушылары өз парақшаларында белгісіз «қайырымды жаннан» ірі көлемде ақша алғанын жазуда. Алайда мамандар мұның арты қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы dailykz Fingramota.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Fingramota.kz мамандарының мәліметінше, әлеуметтік желілерде өзін «сәтті жандар» ретінде көрсететіндер көбейген. Олар белгісіз біреулердің өз шоттарына қомақты қаржы аударғанын айтады. Кей жағдайларда аударым көлемі бір миллион теңгеге дейін жеткені көрсетіледі.

Желіде банк шотына ақша түскені туралы скриншоттар жарияланып, бұл «құпия Сантаның» лайк пен пікір үшін жасаған сыйлығы деген ишаралар жасалады. Нәтижесінде сенгіш азаматтар сәтін сынау үшін пікірлерде банк картасының нөмірін, реквизиттерін, тіпті жеке деректерін қалдырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұның бірнеше қауіпті тұсы бар. Картаның нөмірі арқылы тікелей ақша шешіп алу мүмкін болмаса да, ашық қалдырылған реквизиттер фишинг пен алаяқтық қоңырауларға жол ашады. Сонымен қатар мұндай «жомарт сыйлықтардың» шығу тегі күмәнді. Ақша қайырымдылық желеуімен заңсыз табысты жасыру, яғни қаражатты жылыстату болуы ықтимал.

Ең қауіптісі — картаға ірі сома түскен адам қылмысқа жанама түрде қатысушыға айналуы мүмкін. Тіпті кінәсіздігі дәлелденген күннің өзінде, тергеу мен жүйкелік қысым денсаулыққа әсер етеді. Ал қолайсыз жағдайда азамат қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы ғажап емес.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл схеманың уақыт өте өзгеріп отыратынын атап өтті. Анонимді «қайырымдылар» сенгіш азаматтардың реквизиттері арқылы ақша жіберіп, кейін оны «қайырымдылық акциясының бір бөлігі» ретінде әрі қарай аударуды сұрайды. Ал өзіне аз ғана пайыз қалдыруды ұсынады.

Алайда адам өз шотына түскен ақшаны белгісіз біреуге аударған сәттен бастап дропперге, яғни алаяқтардың сыбайласына айналады. Себебі барлық қаржылық операция үшін шот иесі жауап береді. Сонымен қатар алаяқтар ең қорғансыз топты — балалар мен жасөспірімдерді нысанаға алып, мұны жаппай «ойын» ретінде көрсетеді.

Полиция өкілдері мынадай кеңес береді:
— Егер сізден карта деректері, шот реквизиттері сұралса немесе ақша аударуды өтінсе, бірден бас тартыңыз.
— Бейтаныс адам күтпеген жерден шотыңызға ақша аударса, оны дереу қайтаруға асықпаңыз. Банкпен байланысып, қалай әрекет ету керегін нақтылаңыз.

Осылайша алаяқтар «құпия Санта» схемасы арқылы қаражаттың басым бөлігін өздеріне қалдырып, жолай ондаған, тіпті жүздеген сенгіш азаматты тәуекелге тігеді. Кейін олардың аккаунттары жоғалып, көптеген транзакция салдарынан ақшаның ізін табу қиынға соғады. Ал ең үлкен соққы кінәсіз адамдарға тиеді.

Related Articles

Back to top button