Жалғас Жұмағұлов үшінші әйел алатынын айтты – бұл мәлімдеме Қазақстанда қызу пікірталас туғызды.

Қазақстандық ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов екі әйелі мен жеті баласы бар екенін айтып қана қоймай, болашақта үшінші әйел алуды жоспарлап жүргенін мәлімдеді. Бұл сөздер спорт қауымдастығында ғана емес, қоғамда да үлкен резонанс тудырды. Бұл туралы dailykz хабарлайды.
Танымал арнадағы сұхбат
Жуырда Жалғас Жұмағұлов Home of Fight атты танымал YouTube-арнаға сұхбат берді. Аудармашының көмегімен ол өзінің спорттық жолы, қазіргі өмірі және алдағы жылға жоспарлары туралы айтты.
Сұхбат барысында спортшы екі әйелінен жеті бала тәрбиелеп отырғанын жеткізді. Алайда ол мұнымен шектелгісі келмейтінін де жасырмады.
«Енді ғана бастап жатырмын! Жақында үшінші әйел аламын», – деді ол күліп.
Журналист бұл сөздің әзіл не шын екенін нақтылағанда, Жұмағұлов өзінің бұл ниеті байыпты екенін растады. Сондай-ақ ол қазіргі екі әйелінің де бұл жағдаймен толық келісетінін айтты.
Қоғамдық реакция
Жауынгердің сұхбатынан үзінді әлеуметтік желілерге тез тарап, қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинованың наразылығын тудырды. Ол Instagram парақшасындағы stories арқылы өз пікірін ашық білдірді.
«Бұл мақтанудың мәні неде – түсінбедім. Екі әйелің, жеті балаң бар екен, жарайды. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал көп әйел алуға заң бойынша тыйым салынғанын ұмытпайық», – деп жазды спортшы.
Көп әйел алу туралы пікірлер
Еске салсақ, қараша айында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елде көп әйел алу институтын заңдастыру мәселесін көтерген болатын. Ол бұл тәжірибені қолдамайтынын айтса да, шын мәнінде кейбір ауқатты ер азаматтардың бірнеше әйелі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда көп әйел алу заңмен тыйым салынғанымен, бұл үшін нақты жауапкершілік қарастырылмаған.
Ал желтоқсан айының басында актер әрі тележүргізуші Даурен Айдарқұлов та көп әйел алу туралы пікірінен кейін қазақстандықтардың қатаң сынына ұшыраған еді.




